«Шабыт» байқауында 300-ден астам қатысушы бағын сынайды

Бейбітшілік және Келісім сарайында «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


Байқауда 345 адам бағын сынайды деп күтілуде. Астана қаласының атынан 163 өнерлі жас қатысады. Сондай-ақ, шараға Қазақстанның әр өңірінен және Әзербайжан, Белоруссия, Башқұртстан, Грузия, Израиль, Қырғызстан, Ресей, Украина және Өзбекстан сынды өзге елдерден де өнерпаздар келеді.

«Биыл шығармашыл жастардың халықаралық фестивалі 21-ші рет өткізілуде. Бұл – өте маңызды оқиға. Әр байқау сайын жаңа таланттардың есімі белгілі болады. Айта кетейік, іс-шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Астананың 20 жылдығы аясында өткізіліп жатыр. Бұл жолы біз жеңімпаздарды классикалық музыка, халық музыкасы, эстрадалық вокал, журналистика және хореография сияқты 5 номинация бойынша анықтаймыз», – дейді қалалық мәдениет және спорт бөлімі басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталина.


«Халық музыкасы» «Прима-қобыз» номинациясы бойынша  алғаш рет қатысып отырмын. 8 жасымнан бері музыкамен айналысамын. Мен үшін бұл байқаудың орны ерекше. Бірінші орын алуға ниеттімін», – дейді Ақтау қаласынан келген қатысушы Айнұр Абжапар.


Байқаудың қазылар алқасы құрамында Қазақстанның және шетелдің белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері бар.


Әр номинация бойынша Гран-при және жүлделі орын иелеріне «Шабыт» байқауының дипломы әрі қаржылай марапат тарту етіледі.


Гран-при иелеріне 350 мың теңге тарту етілсе, бірінші орынның иегеріне – 300 мың, екінші орынның иегеріне – 250 мың, үшінші орынның иегеріне 200 мың теңге табысталмақ. Байқаудың ұйымдастырушысы – қалалық Мәдениет және спорт басқармасы мен мекемелер тарапынан 80 мың теңгелік арнайы сыйақы әзірленіп, атаулы дипломдар тарту етіледі.  Сондай-ақ, «Журналистика» номинациясы бойынша қазақ жазушысы және журналист Шерхан Мұртаза атындағы жүлде белгіленген.

Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz