

2010 жылы 1-шілде күні сағат 19.00-де «Театр апталығы» фестивалі аясында Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында спектакльдің алғашқы қойылымы өтеді. Астананың туған күніне орай, жоғары өнерді бағалаушыларды Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық Қазақ музыкалық-драма театрының қойылымындағы 2-бөлімнен тұратын М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясы күтеді.
Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық-драма театрын 20 жылдан бері театрдың бас режиссері әрі көркемдік жетекшісі, еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ерсайын Тәпенов басқарып келеді. Оның басқаруымен фестиваль қонақтарына Мұхтар Әуезовтың «Айман-Шолпан» шығармасы бойынша музыкалық комедия ұсынылады. «Айман-Шолпан» — IXX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ халқының лиро-эпикалық поэмасы. «Қозы-Көрпеш пен Баян сұлу» және «Қыз Жібек» қазақ эпостарының қатарындағы көрнекті шығармалардың бірі. Халық шығармасы қазақ қызы Айманның бейнесі арқылы ізет-инабатты, кең пейілділікті, тапқырлықты, күш-қайратты суреттеген.